Malim.kz
Құқық

Ақтауда қоғамдық қауіпсіздікті робот-иттер күзетеді

Сабина Асқарқызы
Фото: Polisia.kz

Ақтау қаласында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметіне заманауи робот-иттер тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомство мәліметінше, роботтандырылған құрылғылар қоғамдық орындарды патрульдеп, жедел жағдайды бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі. Олар заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған және жиналған ақпаратты нақты уақыт режимінде Жедел басқару орталығына жібере алады.

Сонымен қатар, робот-иттер күдікті заттарды анықтап, түтін мен өрт белгілерін тіркеуге қабілетті. Қауіпті жағдай байқалған кезде жүйе шұғыл қызметтерге автоматты түрде хабарлама жолдайды.

Полицияның мәліметінше, бұл технология көшелер мен қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Болашақта роботтандырылған платформаларды арнайы және антитеррорлық іс-шараларда пайдалану жоспарланып отыр. Қосымша техникалық жаңғыртудан кейін олар қауіпті нысандарды қашықтан тексеруге, сондай-ақ қызметкерлердің өміріне қауіп төндірмей күдікті заттарды жылжытуға қолданылуы мүмкін.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті цифрлық технологияларды енгізу қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттырып, ықтимал қатерлерге жедел әрекет етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Ақтау тұрғындары мен қала қонақтары жаңа технологиялық құрылғыларды қала көшелерінде жақын уақытта көре алады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары