Malim.kz
Оқиға

Ақтауда жұмбақ жағдайда қайтыс болған Маржан Сұлтанғалиева ісі қайта тергеледі

Сабина Асқарқызы
Lada.kz

Жәбірленуші тараптың өкілі Ажар Қартбай Маржан Сұлтанғалиеваның өліміне қатысты тергеу қайта жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақтау қаласының прокуратурасы Ақтау қалалық полиция басқармасы тергеушісінің қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысының күшін жойған. Сонымен қатар істі жан-жақты әрі толық тергеуді қамтамасыз ету үшін бірқатар тапсырма берілген.

Еске салайық, 1 қаңтар күні Ақтаудағы пәтерлердің бірінен 24 жастағы Маржан Сұлтанғалиеваның мәйіті табылған. Полиция бұл оқиғаны суицид деп бағалаған. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді.

Марқұмның анасы Гүлзира Демеуова қызының өзіне қол салғанына сенбейтінін айтады.

«Қызымды кішкентай күнінен өсірдім. Оның әдетін білемін. Жатқан қалпы маған ұнаған жоқ. «Менің қызымның жатысы суицид емес» дедім. Үстіндегі киімі, оқиға орнындағы жағдай, куәландыруға апармағаны – бәрі күдік ұялатты», – деді марқұмның анасы.

Іс Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі, яғни «Өзін-өзі өлтіруге жеткізу» бойынша тіркелген. Дегенмен туыстары тергеу барысында бірқатар күмәнді жайт барын алға тартады. Олардың айтуынша, барлық қажетті тергеу әрекеттері толық жүргізілмеген, Маржанның психоэмоциялық жағдайына тиісті сараптама жасалмаған, ал жәбірленуші тараптың уәждері толық қаралмаған.

Адвокат Ажар Қартбай да істі тоқтату туралы шешім ерте қабылданған деп санайды.

«Істі тоқтату туралы шешім нақты дәлелдерге емес, болжамдарға сүйенген. Барлық дерек толық тексерілмеген. Сондықтан тергеудің объективті жүргізілгеніне қатысты сұрақтар туындайды», – деді Ажар Қартбай.

Оның сөзінше, жәбірленуші тарап істің толық әрі әділ қайта тергелуін талап етіп отыр.

«Біз тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыға бірқатар шағым түсірдік. Нәтижесінде Ақтау қаласының прокуратурасы аталған қаулының күшін жойып, істі қайта жандандырды», – деді заңгер.

Маржан Сұлтанғалиева медициналық колледжде оқып, стоматолог мамандығын меңгеріп жүрген. Анасының айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін отбасында жиі жанжал болған. Кейін жас отбасы Ақтау қаласына көшіп келген.

Марқұмның анасы қызының өлімінен кейін тергеу ісі асығыс жабылды деп есептейді.

«Тірісінде бақытқа жете алмаған қызым, ең болмағанда, өлген соң әділдікке жетсе екен», – дейді Гүлзира Демеуова.

Туыстары істің барлық нұсқасы толық тексеріліп, дактилоскопиялық талдау жүргізілуін талап етіп отыр. Олар Маржан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін айтады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары