Malim.kz
Экономика

Ақтөбе әлеуметтік наннан тарығып жатқан жоқ

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР: ©Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында әлеуметтік нан қоры жеткілікті. Өңірдегі «Рамазан», «Атамекен» және «Наным» нан шығарушы кәсіпорындары нарықты толықтай өніммен қамтып отыр. Тәулігіне 34 мың бөлке нан дүкен сөрелеріне жеткізіліп, 106 теңгеден сатылуда. 

Ал «Ақтөбе нан» 1-сұрыпты ұнның болмауына байланысты әлеуметтік нанды пісіруді уақытша тоқтатты. Бұған - кәсіпорынның «Ақтөбе» ӘКК» АҚ алдындағы форвардтық келісімшарт аясында қалыптасқан берешегіне қатысты.  Қарыз сома - мемлекеттік бюджеттен бөлінген 170 млн теңгені құрайды. Зауыт бұл бережақты өтеуден бас тартып, есептен шығаруды сұрап отыр. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы күні ертең 1-сұрыпты ұнды жеткізуге дайын, тек «Ақтөбе нан» тарапынан кепілдеме хат берілу керек. 

«Ақтөбе нан» ЖШС басшылығы көтерген қарыз соманы есептен шығару мәселесі жүзеге асырылмайды. Өйткені, бұл - біріншіден, бюджеттің ақшасы. Екіншіден, ақша қайтарылған жағдайда біз жаңа өнім аламыз», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Құлекенова. 

Бүгінде өңірде әлеуметтік қалыпты нанды бірнеше кәсіпорын өндіреді. Атап айтқанда, «Рамазан» ЖШС тәулігіне 12 мың дана; «Атамекен» ЖШС тәулігіне 12 мың дана «Наным» кәсіпорны тәулігіне 6 мың дана әлеуметтік нан пісіреді. Қазіргі уақытта – «Ақтөбе нан» ЖШС-нің көлемін басқа зауыттар игеруде.  Бұл нарықтағы жүктемені теңестіруге және әлеуметтік нан жеткізілімінің үздіксіз болуына мүмкіндік беріп отыр.

Жауапты құрылымдардың мәліметінше, әлеуметтік нан сауда нүктелеріне тұрақты жеткізіліп жатыр, баға тұрақтылығы сақталған. Сондықтан өңірде әлеуметтік нан бойынша алаңдауға негіз жоқ.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары