Қандыағаш қаласындағы “Тұмар” мейрамханасында өткен тойдан кейін 100-ден аса адам ауруханаға түсті. Науқастар Ақтөбе және Қандыағаш қаласындағы ауруханаларға жатқызылды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz-ке сілтеп хабарлайды.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Қандыағаш қаласында өткен үйлену тойынан кейін қонақтар жаппай уланып, ауруханаға түсіп жатыр.
19 маусымнан бері Қандыағаштағы "Тұмар" мейрамханасына барған 102 адам ішек инфекциясының белгілерімен аудандық және облыстық жұқпалы аурулар ауруханаларына жүгінген. Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді.
“Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде деп бағалануда. Оларға қажет медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілді. Медициналық ұйымдарда қажет төсек-орын қоры дайындалып, дәрілік заттардың жеткілікті қоры қамтамасыз етілді”, – деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық науқас қажет ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде бағаланып отыр.
Оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тексеру басталды. Мамандар тағам өнімдері мен қоршаған ортадан сынамалар алып, зертханалық сараптамаға жіберген.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру аяқталғанға дейін қоғамдық тамақтану нысанының қызметін уақытша тоқтатты. Байланыста болған адамдарды анықтау және медициналық бақылауға алу жұмыстары жалғасып жатыр.