Ақтөбе облысы прокуратурасында қызметкерлердің бірінің ұсталғаны туралы ақпаратқа ресми түрде түсініктеме берілді, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Ресми деректерге сәйкес, прокуратура қызметкері сотқа дейінгі тергеу кезінде ұсталған.
Операцияны ҰҚК-нің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің орталық аппараты қызметкерлері Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаментімен бірлесіп жүргізген.
Қадағалау органының баспасөз қызметінің мәліметінше, шенеунік 2026 жылғы 17 ақпанда ұсталған.
«Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етуге жатпайды», — деп хабарлады Ақтөбе облысының прокуратурасы.
Ведомство өкілдері күдіктінің лауазымын, процессуалдық мәртебесін және тергеу қай бап бойынша басталғанын нақтыламады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында прокуратура қызметкері прокуратура ғимаратының жанындағы автотұрақта 10 миллион теңге алу кезінде ұсталды деген ақпарат тараған болатын.