Malim.kz
Оқиға

Ақтөбе облысында жас мұғалімнің мәйіті табылды

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысының Темір ауданы Еңбекші ауылында жас мұғалімнің мәйіті табылды. Оқиға бойынша алдын ала тергеу басталды, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, 2002 жылы туған жас жігіттің денесі үй аумағындағы шаруашылық ғимаратынан табылған.

«Темір аудандық полиция бөлімі 2002 жылы туған жас азаматтың қайтыс болуына байланысты алдын ала тергеу жұмыстарын бастады. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталады. Басқа ақпарат тергеу мүддесінде жарияланбайды», — деп хабарлады Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Білім басқармасы мәліметінше, қайтыс болған азамат тарих пәнінің мұғалімі болған.

«Маржанбұлақ ауылында еңбек жолын бастаған. 2025 жылдың ақпан айынан бастап Еңбекші ауылындағы мектеп-балабақшада жұмыс істеді. Міндеттеріне жауапкершілікпен қарады, басшылық тарапынан ескерту болған жоқ», — делінген ведомство хабарламасында.

Темір ауданының әкімі Алмас Жаксылыковтың айтуынша, алғашқы дабыл хабарын сол мектептегі әріптестері беріпті.

«Бүгін күндізгі уақытта сабақ басталуы керек еді, бірақ мұғалім мектепке келмеді. Қауіптенген әріптестері үйіне барып, мәйітін тапты», — деді әкім.

Жас жігіт ағасының үйінде тұрған, ал ата-анасы Ақтөбеде тұрады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл өз-өзіне қол жұмсау жағдайы болуы мүмкін. Мұғалім үйленбеген, ауыл мектебінде бір жылдан аз уақыт жұмыс істеген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары