Malim.kz
Экономика

Ақтөбе өңірі келесі жылы 3 трлн теңгенің өнімін өндіреді

Ереке Базарқұл
© parlam.kz

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров келер жылы өңірдің экономикалық өсімін кемінде 105% деңгейінде қалыптастыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл туралы kazinform.kz басылымы хабарлады.

— 2026 жылы өнеркәсіп саласында 3 трлн теңге көлемінде өнім өндіретін боламыз. Сондай-ақ Үкімет қойған жоспарға сәйкес облысқа 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту бойынша жұмыстар жүргіземіз, — 

деді Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, келесі жылы нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесі 85%-ға жеткізіледі. Сондай-ақ халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында да жұмыстар жалғасады.

    — Келер жылы 2 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 3 өтпелі жобаны аяқтаймыз. Сонымен қатар 3 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр, — 

деді ол.

Тұрғын үй саласында барлық қаржыландыру көздерінен 1,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Білім беру нысандарын салу бойынша да маңызды бастамалар бар.

— Алдағы жылы шалғай ауылдарды білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ету үшін 3 300 орындық 12 жаңа мектептің құрылысы басталады, — 

деді облыс әкімі.

Денсаулық сақтау саласында да бірқатар ірі жоба жүзеге асады.

— Республикалық қаражат есебінен облыс орталығында Облыстық қан орталығының құрылысы басталады. Сонымен бірге 4 аудандық ауруханаға қосымша ғимарат салу және 8 нысанда күрделі жөндеу жұмысын жүргізу көзделген, — 

деді Шахаров.

Сонымен қатар, 2026 жылы ірі спорт және мәдени нысандардың құрылысы да жалғасын таппақ.

— 35 мың орындық футбол стадионының, 5 мың орындық көпфункционалды спорт кешенінің және жаңа драма театрдың құрылысы жалғасатын болады, — 


деді өңір басшысы.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары