Malim.kz
Денсаулық

Ақтөбеде балалар арасында қызылша жұқтырғандар көбейді

Айбын Атабай
iStock

Ақтөбе облысында былтыр бар болғаны 32 адам қызылша жұқтырып, ем қабылдады. Ал биыл қаңтар айында вирус жұқтырғандар саны 2,6 есе артты. Барлығы 108 адам ауырғанын айтып, дәрігер көмегіне жүгінген. Оның 88-не қызылша диагнозы қойылды.

– Ақтөбе қаласында 77, Алға мен Темір аудандарында 2, Қобда, Мәртөк, Шалқар аудандарында 1, Мұғалжар ауданында 4 жағдай тіркелді. Олардың ішінде жасқа толмаған 17 нәресте бар. Сонымен бірге 1-4 жас аралығындағы 57 бала да жұқтырып, ем қабылдады. Ересектер мен жасөспірімдер де вирус жұқтырып жатыр, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова.

Оның айтуынша, қызылша жұқтырған науқастың жан-жағындағы адамдар 21 күн бойы бақылауда болады. Егер олар вакцина қабылдамаса, иммундауға жатады.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында 2024 жылы 3 700-ден астам адам қызылша жұқтырса, былтыр тек 32 дерек тіркелді. Ол үшін өңірде қосымша вакцинациялау жүргізілді. Өңірде кішкентай балалармен қатар жасөспірімдер де екпе қабылдады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары