Ақтөбеде беташар кезінде бума-бума ақша санап, жұрт назарына түскен қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тәртіптік жазаға тартылды. Әлеуметтік желіде қызу талқыланған оқиғаға байланысты депутатқа сөгіс жарияланды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақтөбеде қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиев тойдағы видеоға байланысты жазаланды. Кадрларда оның бума-бума ақшаны беташарда жұрт көзінше санап тұрғаны көрінеді. Желі қолданушылары оны бірден таныды. Қайырғалиев депутат қана емес, сонымен бірге әкімнің ұлы екені де белгілі. Кейін ол бұл әрекеті орынсыз болғанын мойындады.
Бұл видео алдымен той өткен мейрамхананың Instagram парақшасында жарияланған. Кейін оны жергілікті пабликтер тарата бастады. Бірі мұны қазақтың дәстүрінде бар қалыпты жағдай десе, енді бірі оны бос мақтан деп сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары Қайырғалиевтің жай қонақ емес, депутат әрі әкімнің ұлы екенін атап өткен.
Желідегі талқыдан кейін оқиға депутаттық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына өтті. Тексеру 20 сәуірде өткен. Нәтижесінде Қайырғалиевке "сөгіс" түріндегі тәртіптік жаза берілді.
“Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттық әдеп жөніндегі комиссиясының шешіміне сәйкес, депутат Аслан Қайырғалиевке сөгіс жарияланды. Комиссия Instagram желісінде жарияланған бейнежазбаларды жан-жақты қарап, барлық мүшелердің пікірін ескере отырып осындай шешім қабылдады”, – деді мәслихат төрайымы Анар Даржанова.
Ал Аслан Қайырғалиев бұл оның бала күнгі жақын досының тойы болғанын айтты. 4 миллион теңгені достары бірігіп жинаған. Ал өзіне, күйеу жолдас ретінде, сол сыйлықты табыстау міндеті жүктелген. Депутат сыйлықты қалай тапсырғаны шын мәнінде орынсыз көрінгенін мойындады.
“Қазір ғана түсініп отырмын, ақшаны санап тұрған сәтім әдепсіз көрінді. Мақтану ойымда болған жоқ, тек эмоцияның әсері еді”, — деді ол.
Сонымен қатар Қайырғалиев айтылған сынмен келісетінін және мұндай әрекетті енді қайталамайтынын жеткізді.