Malim.kz
Құқық

Ақтөбеде көліктерді заңсыз тіркеудің ірі схемасы әшкереленді

Сабина Асқарқызы
Фото: con-rk.kz

Ақтөбе облысында жүк және жеңіл көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.

Тергеу мәліметінше, құрамында 9 адам болған ұйымдасқан топ Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында 82 көлікті заңсыз есепке қойған. Олардың қатарында N3 санатындағы жүк тартқыштар мен M1 санатындағы жеңіл көліктер бар.

Күдіктілер арасында мемлекеттік автоинспектор мен нотариус болғаны анықталды. Тергеу нұсқасы бойынша, топ мүшелері клиенттерді мессенджерлер мен интернет платформалары арқылы тауып, міндетті салықтар мен төлемдерді айналып өту қызметін ұсынған.

Схема қалай жұмыс істеген?

Ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді автоинспекторға жіберіп отырған. Ол өз кезегінде деректер базасынан бұрын есептен шығарылған, сипаттамалары ұқсас көліктерді таңдаған.

Одан кейін нотариус арқылы жалған сатып алу-сату келісімдері мен сенімхаттар рәсімделген. Құжаттарды рәсімдеу кезінде жалған тұлғалар пайдаланылып, өтініштер арнайы ХҚКО арқылы берілген. Нотариаттық әрекеттер көліктің нақты иелерінің қатысуынсыз жүргізілген.

ҚМА мәліметінше, заңсыз схема салдарынан мемлекетке келген жалпы шығын көлемі 705 млн теңгеге жеткен.

Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 2,4 млрд теңге болатын мүлкіне тыйым салынды. Қазіргі уақытта бес күдікті қамауға алынса, тағы үш адам үйқамаққа жіберілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары