Malim.kz
Құқық

Ақтөбеде пара алған қала әкімі сотталды

Айбын Атабай
freepik.com

Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпты деп танылды. Ол 11,3 млн теңге айыппұл төлейді. Іс Хромтау аудандық сотында қаралған. Қала әкімі Сағындық Шабықбаевқа Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы, ал ақтөбелік Нұрбек Қазбекке Қылмыстық кодекстің «Пара алу», «Қорқытып алу» баптары бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Іс материалына сүйенсек, сотталушы Н.Қазбек қазан айында абаттандыру, жөндеу жұмыстарын міндетіне алған мердігерге өзі арқылы Хромтау қаласының әкімі С. Шабықбаевқа 400 мың теңге, ал өзіне 1 100 000 теңге пара беруін талап еткен. Егер өзі айтқан уақытта ақшаны бермесе, күш қолданатынын айтып, қорқытқан. Сөйтіп сотталушы жәбірленушіге 700 000 теңге шығын келтірген.

Сот отырысы кезінде жәбірленуші сотталушы Н.Қазбектің осы ісіне кешіріммен қарады. Яғни Қылмыстық кодекстің 194-бабының 1-бөлігі қысқартылып, сотталушы тек пара алғаны үшін жауап берді.

Екі сотталушы да өзіне тағылған айыпты мойындады.

— Жасаған ісіме толық өкінемін. Маған тағылған айыпқа толық келісемін және кінәмді мойындаймын. Жазаны айыппұлмен өтеуді өтінемін, — деді сотталушы Сағындық Шабықбаев.

Сот қысқартылған тәртіпте қаралып, жарыссөзден кейін бірден үкім шықты. Сот үкімімен екі сотталушы да айыпты деп танылды.

— Сағындық Шабықбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, мемлекеттік, судья, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылсын. Алған параның 30 еселенген сомасы, яғни, 12 млн теңге айыппұл жазасы тағайындалсын. Күзетпен ұстау уақытын ескеріп, түпкілікті 11 355 151 теңге айыппұл жазасы тағыйындалсын. Нұрбек Қазбек Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 2-бөлігімен айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеусіз мемлекеттік, квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, алған параның 30 еселенген сомасы, яғни, 12 млн теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалсын. 12 млн теңге айыппұл жазасынан күзетпен ұстау уақыты, яғни, 660 576 теңге азайтылып, түпкілікті 11 339 424 теңге айыппұл жазасы тағайындалсын, — деді судья Е.Бақытжан. 

Екі сотталушы да сот залынан босатылды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары