Malim.kz
Оқиға

Ақтөбеде жоғалған 10 жастағы бала екі аптадан бері табылмай жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Ақтөбе облысында жоғалып кеткен 10 жастағы баланы екінші апта қатарынан іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Іздеу шаралары өзен маңында жүргізіліп жатыр.

Ведомствоның мәліметінше, 2016 жылы туған баланы іздеу жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде.

Іздеу операциясы Мәртөк ауданында, Елек өзенінің маңында, Сарыжар ауылына жақын жерде ұйымдастырылған.

Алғашқы сағаттардан бастап іздеу жұмыстарына ТЖМ авиациясы тартылып, үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берілген. Операцияға құтқарушылар, сүңгуірлер, полиция қызметкерлері, әскери бөлімдер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар қатысуда.

Күн сайын сүңгуірлер 30-35 шақырымға дейін су айдынын тексереді. Қайықтар арқылы 25-30 шақырым су беті қаралады, ал жаяу топтар 15-20 шақырым жағалауды шолып шығады.

Сонымен қатар дрондардың көмегімен 10-15 шақырым аумақ зерттелуде. Іздеу барысында эхолот құрылғылары да кеңінен қолданылып жатыр.

Министрлік мәліметінше, іздеу жұмыстары өзеннің күрделі ерекшеліктеріне байланысты қиындық тудырып отыр.

Атап айтқанда, өзен арнасының қолайсыздығы, қатты ағыс, қалың өсімдіктер мен лай судың көріну деңгейінің төмендігі жұмыстарды күрделендіруде.

Соған қарамастан, іздеу жұмыстары тәулік бойы үздіксіз жалғасуда.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары