Malim.kz
Құқық

Ақтөбедегі оқушы өлімі: сотталғандар жазасын бостандықта жүріп өтейді

Айбын Атабай

6 жыл 8 айға бос бостандығынан айырылған үш сотталушының жазасы өзгертілді. Ақтөбе облыстық апелляциялық сот алқасының қаулысымен сотталғандарға шартты жаза тағайындалды.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, апелляциялық шағым түсіп, істі қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қарады. Апелляциялық шағымды жәбірленуші мен оның адвокаттары, сондай-ақ сотталған Б., М., Т. және олардың адвокаттары мен заңды өкілдері түсірген. 

— Сотталғандардың кәмелетке толмағандығы, кінәсін мойындағаны, іс-әрекеттеріне өкінгені, жәбірленуші тараппен медиациялық келісім жасалғаны және сотталғандардың жазасын жеңілдетуді сұраған жәбірленуші тараптың пікірі ескерілді. Сот алқасы шартты түрде жаза тағайындау туралы шешім қабылдады. Қылмыстық кодекстің 63-бабы бойынша сотталғандар Б., М., Т-ның жазалары шартты деп есептелінді. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында 11 және 10-сынып оқушылары 9-сынып оқушыларын ауыл маңындағы моншаның жанына жинап, оларды ұрып-соқты. Сол кезде 9-сынып оқушысы оқиға орнында көз жұмды. 

Іс Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру», «Бұзақылық» баптары бойынша қозғалып, сотталушы Б., М. және Т. 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. 

Бұзақылық жасағаны үшін үш сотталушыға 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бәрі де сол кезде Қопа ауылындағы мектептің оқушылары болды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары