Malim.kz
MALIMet

"Арал – ортақ жауапкершілік": Жаңа адамдар Бұхарада ерекше үндеу ұсынды

• Алуа Әшірбекова

Жаңа адамдар қозғалысының өкілдері Бұхарада жер мен су ресурстарын тұрақты басқаруға арналған LESLIE SLM 2026 халықаралық конференциясына қатысты. Зерттеушілер, оқытушылар, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында су қорын және қоршаған ортаны сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қозғалыстың AntiTrash азаматтық науқаны төрт жылдан астам уақыт бойы экологиялық мәселелермен айналысып келеді. Алғашында заңсыз қоқыс орындарымен күреске бағытталған бастама кейін Каспий теңізінің тартылуына қоғам назарын аудартатын акциялар мен перформанстарға ұласты. Бұл іс-шаралар экологиялық түйткілдерді шешуде азаматтардың қатысуы мен қоғамдық бастамалардың маңызын алға тартады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су мәселесінде мемлекеттердің бірлесіп әрекет етуі қажет екенін бірнеше рет айтқан. Мемлекет басшысы Арал теңізінің жағдайын ғылыми негізделген, жүйелі жұмыстың нәтижелі бола алатынын көрсететін мысал ретінде атап өткен.

"Аймақтың тағдыры тек қана өз қолымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастарымыздың тұрмысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халықтарымыздың игілігі жолындағы өңірлік өзара ықпалдастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін".

Конференция аясында Жаңа адамдар өкілдері Аралды сақтауға шақыратын үндеу тоқылған кілемді таныстырды. Оны Ұлы Жібек жолының бойындағы Бұхарада ұсынудың өзіндік мәні бар. Кезінде осы жол арқылы тауар ғана емес, қолөнер үлгілері, білім мен идеялар да тараған. Бастама авторлары сол тарихи байланысты Орталық Азияның суы мен жерін сақтауға деген ортақ жауапкершілікпен ұштастырған.

Кілемге "Арал — ортақ жауапкершілік. Оның болашағы күш біріктіруді талап етеді" деген үндеу жазылды.

"Аралды қалпына келтіру мемлекеттер арасындағы келісімдерсіз, ғалымдардың ынтымақтастығынсыз және азаматтардың қатысуынсыз мүмкін емес. Солтүстік Аралдың тәжірибесі жүйелі шешімдер мен бірлескен жұмыстың жағдайды өзгерте алатынын көрсетеді. Сондықтан бұл жұмысты жалғастырып, өңір елдері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту маңызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ешбір ел жалғыз жортып, табысқа жете алмайды, сондықтан аймақтық және жаһандық деңгейде күш жұмылдыруға баса мән беру керек", - деді Бауыржан Аманов.


Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары