Әнші Ақбота Керімбекова үлкен ұлының ажырасып кеткенін айтып, бұрынғы келінімен арақатынасы туралы сөз қозғады. Ол ажырасқаннан кейін де бала әкесімен, ата-әжесімен араласып тұруы керек деп санайды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі сұхбатта екі немересі бар екенін айтты. Бірі – үлкен ұлынан, екіншісі – ортаншы ұлынан.
"Қазір бір келінім бар. Бір ұлым, халық естіді ғой енді, екеуі екі жаққа кетті. Бірінші ұлдан немерем бар. Екінші ұлдан тағы бір немере бар", – деді Ақбота Керімбекова.
Әншінің айтуынша, бұрынғы келіні қазір араласқысы келмейді. Керімбекова осы жағдайды айта отырып, ерлі-зайыптылар екі жаққа кеткеннен кейін де баланың әке жұртымен байланысы үзілмеуі керек деген пікірін білдірді.
"Араласқысы келмейді. Мен түсінбеймін, қазіргі жастар ажырасса, неге балаларын алып қашатынын түсінбеймін. Әй, берсінші ата-енесіне, әкесіне, көмектессін. Әулеті ғой, аралассын, соның ұрпағы, соның туыс-бауыры. Ала қашып, тұра қашып, ата-енесіне көрсетпейтін қыздарды мен түсінбеймін. Енді ренжімеймін, әлі жас қой, әлі де бір өкпе-назы бар шығар", – деді әнші.
Еске салайық, бұған дейін Ақбота Керімбекова өнердегі әділетсіздік жайлы айтып, кейде басқа саланы таңдамағанына өкінетінін жеткізген еді.
Ақбота Керімбекова кім?
Ақбота Керімбекова – "Аппақ гүлдер", "Қош, махаббат", "Бегімайдың жыры" секілді лирикалық әндерімен танылған қазақстандық әнші. Ол халық әндерін бала күнінде анасы, әнші Бибіажар Махамбетовадан үйренген. Кейін Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебінде білім алып, қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында актер мамандығын меңгерген.
Керімбекова "Ақ шағала" әнін Саят Медеуовпен дуэтте орындаған. 2021 жылы Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Әншінің үш ұлы бар. Тұңғышы Біржан Шалқар да өнер жолын таңдаған. Анасы екеуі Qazaqstan арнасындағы "Жұлдызды жұп" жобасында "Аппақ гүлдер" әнін бірге орындаған.