Әнші Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойында марқұм композитор Арман Дүйсеновтің жұбайы Айсұлу сыйлыққа ие болды. Қуанышты сәттің бейнежазбасын әншінің жары Мархабат Беспаева Instagram парақшасында жариялап, өмірден өткен досын сағынышпен еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Мерейтойда қонақтарға арналған ұтыс ойыны ұйымдастырылған. Жарияланған бейнежазбада қызыл шарлар салынған ұтыс барабанын көруге болады. Кеште сыйлық ұтып алғандардың қатарында Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу да бар. БАҚ мәліметінше, оған iPhone 18 телефоны бұйырған.
Мархабат Беспаева Айсұлудың қуанышына шын жүректен ортақтасқанын жазған. Сонымен бірге осындай басқосуларда Арман Дүйсеновтің орны ерекше сезілетінін жеткізген.
"Кей адамдардың орны ешқашан толмайды... Уақыт өтсе де, сағыныш сейілмейді екен.
Кеше болған қуанышты сәтте Арман Дүйсеновты тағы да ерекше сағынышпен еске алдық. Осындай күндерде «шіркін, қасымызда болғанда ғой...» деген ой жүректі сыздатады.
Бірге өткізген күндер, шынайы достық пен жарқын естеліктер ешқашан ұмытылмайды.
Айсұлудың бүгінгі қуанышына біз шын жүректен қуандық!
Сағынышпен еске аламыз. Жаныңыз жәннатта болсын! " – деп жазды Мархабат Беспаева.
Айта кетейік, бұған дейін Мейрамбек Беспаевтың мерейтойы қалай өткенін жазған едік. Өнердегі достары мен жақындары жиналған кеште АБК тобының мүшелері бірге ән шырқап, домбыра аукционы ұйымдастырылған. Әншінің анасы да ұлына ақ тілегін арнаған. Мерейтойдың ерекше сәттері туралы "Анасының ақ тілегі, АБК-ның бас қосуы, миллиондық домбыра: Мейрамбек Беспаевтың 50 жас тойы қалай өтті?" материалымыздан оқуға болады.
Арман Дүйсенов кім?
Арман Дүйсенов – композитор, продюсер, тележүргізуші, "Құрмет" орденінің иегері. Ол 1974 жылы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында дүниеге келген.
1997 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Кейін ұстаздық қызмет атқарып, музыка және орындаушылық өнер бағытында жас мамандарды тәрбиелеуге үлес қосқан. Шәкірттері республикалық және халықаралық байқауларда жүлде алған.
Композитордың "Кездер-ай", "Арман", "Сені сағындым", "Жан қызым", "Ауылдағы қыз" секілді әндері тыңдарманға кеңінен таныс. Ол ән жазумен қатар, кинотуындыларға да музыка шығарған.
Арман Дүйсеновті көрермен тележүргізуші ретінде де жақсы білді. Ол "Хабар" және "Ел арна" телеарналарындағы "Айбын", "Достархана", "Тапқыр достар", "Дудар-ай", "Хабар-старс" бағдарламаларын жүргізген. Өмірінің соңғы жылдары "Қазақ әуендері" АҚ-ның "Гүлдер" филиалына басшылық еткен.
Өнер иесі 2023 жылғы 24 қаңтарда 48 жасында өмірден өтті.