Malim.kz
Оқиға

Арқалықтағы мектептегі өрттің алдын ала себебі белгілі болды

Сабина Асқарқызы
ТЖМ

Қостанай облысының Арқалық қаласындағы №5 орта мектеп ғимаратында болған өрттің алдын ала себебі жарияланды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүндікова мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Оның айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, өртке шатырда жүргізілген дәнекерлеу жұмыстары кезінде қауіпсіздік техникасының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Дегенмен, төтенше жағдайдың нақты себебі туралы қорытындыны Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кейінірек ұсынады.

Еске салайық, 28 мамыр күні кешке Арқалық қаласындағы төрт қабатты №5 орта мектептің шатырынан өрт шыққан болатын. Жалын 1100 шаршы метрден астам аумақты шарпыған. Өрт толықтай сағат 23:40-та сөндірілді.

Білім басқармасының мәліметінше, мектеп түлектерінің қорытынды емтихандарын өткізу үшін жақын маңдағы оқу-өндірістік комбинаттың ғимараты дайындалған. Онда мектепке қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған.

Ведомство өкілдері оқушылардың емтихандарды кедергісіз тапсырып, оқу жылын қалыпты аяқтауы үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ал ғимараттың шатырын қалпына келтіру және өрт салдарын жою жұмыстарын мектепте күрделі жөндеу жүргізген мердігер ұйым жүзеге асырады.

Мектептің әрі қарайғы жұмысына қатысты шешімдер құзырлы органдардың ресми қорытындысы шыққаннан кейін қабылданады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары