Malim.kz
Құқық

Артық салмаққа - артық ақша. Әуе компаниясы тергеліп жатыр

Айбын Атабай
© Sputnik / Владислав Воднев

Алматыда монополияға қарсы орган қол жүгінінің артық салмағы үшін төлем жүйесіне байланысты FlyArystan әуе компаниясына қатысты тергеу бастады. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Нұржан Нұрланұлының мәліметіне сәйкес, жүйе бәсекелестік заңнамасын бұзуы мүмкін деп танылып отыр.

Оның айтуынша, қазір әуе компаниясы қол жүгі қанша салмаққа ауыр болса да белгіленген тұрақты төлем алады.

“Қол жүгінің салмағы 1 келіге артық жолаушы да, 5 келіге артық жолаушы да бірдей соманы төлеуге міндетті”, – деді ол.

Департамент өкілдерінің мәліметінше, мұндай тәсіл тұтынушылардың құқықтарын шектейді. Нұржан Нұрланұлының сөзінше, халықаралық тәжірибеде әуе тасымалдаушылар көбіне сараланған төлем жүйесін қолданады, яғни жолаушылар нақты артық салмақ үшін ғана ақы төлейді.

Монополияға қарсы орган FlyArystan компаниясына ықтимал заңбұзушылық белгілері туралы хабарлама жолдаған. Алайда компания оны орындамаған. Осыған байланысты тергеу басталған. Тергеу қорытындысы бойынша заңбұзушылықтың бар-жоғы туралы шешім қабылданады.

Айта кетейік, бұған дейін FlyArystan тегін қол жүгін тасымалдау нормасын 7 килограмға дейін арттырғаны хабарланған еді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары