Malim.kz
MALIMet

Ас үйдегі губка қаншалықты қауіпті болуы мүмкін

Алуа Әшірбекова
Фото: canva

Күн сайын ыдыс жуып, үстел сүртуге пайдаланатын қарапайым губка асүйдегі микроорганизмдер көп жиналатын орындардың бірі болуы мүмкін. Оның ылғалды әрі кеуекті құрылымы бактериялардың көбеюіне қолайлы орта қалыптастырады, деп Malim.kz тілшісі, Scientific Reports ғылыми журналына сілтеме жасап хабарлайды. 

2017 жылы жарияланған зерттеуде ғалымдар үй жағдайында қолданылған 14 асүй губкасын зерттеген. Талдау барысында олардың ішінде бактериялардың көптеген түрі анықталған. Кейбір бөліктерінде бактерия жасушаларының жергілікті тығыздығы бір текше сантиметрге 5,4×10¹⁰-ға дейін жеткен.

Бұл губкадағы барлық бактерия адамға қауіпті дегенді білдірмейді. Зерттеушілер міндетті патогендер губка микробиомының аз бөлігін ғана құрауы мүмкін екенін атап өтеді. Дегенмен губка бактерияларды жинап қана қоймай, оларды асүйдегі басқа беттерге таратуы ықтимал. 

Неге бактерия дәл губкада көбейеді?

Губка үнемі дымқыл болады, оның ішінде тағам қалдықтары қалып қоюы мүмкін. Сонымен қатар кеуекті құрылымы микроорганизмдер үшін көптеген шағын қуыстар түзеді. Зерттеу барысында бактериялар губканың сыртқы бетінде ғана емес, ішкі қуыстарында да анықталған. 

Сондықтан бір губкамен алдымен шикі еттің сұйықтығын, кейін асүй үстелін немесе ыдысты сүрту айқаспалы ластану қаупін арттыруы мүмкін. АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы да шикі ет, құс еті, теңіз өнімдері мен жұмыртқадан тараған микробтардың ас үй беттері мен басқа тағамдарға жұғуы мүмкін екенін ескертеді. 

Губканы қайнатып немесе микротолқынды пеште тазартса жеткілікті ме?

АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2025 жылы жаңартылған ұсынымында микротолқынды пеш пен қайнату губкадағы бактериялардың бір бөлігін азайтуы мүмкін екені айтылған. Алайда мұндай әдістер губканың айқаспалы ластану қаупін толық жоятынына кепілдік бермейді. Сондықтан ведомство губканы жиі жаңасына ауыстыруды ұсынады. 

Ғалымдар да губканы үнемі "залалсыздандыру" ұзақ мерзімде жеткілікті шешім болмауы мүмкін деген қорытындыға келген. Scientific Reports-та жарияланған зерттеу авторлары тұрмыстық губканы шамамен аптасына бір рет ауыстыруды қарастыруға кеңес берген. 

Ал жағымсыз иіс пайда болуы, губканың түсі өзгеруі немесе құрылымының бұзыла бастауы оны ауыстыруды кейінге қалдырмауға қосымша себеп болуы мүмкін.

Қарапайым губка ас үйдегі ең елеусіз заттардың бірі болғанымен, ол тамақпен және ыдыспен күн сайын жанасады. Сол себепті оны мүмкіндігінше құрғақ ұстау, шикі өнімдерден қалған сұйықтықтарды сүртуге пайдаланбау және уақытылы ауыстыру асүй гигиенасын сақтаудың қарапайым жолдарының бірі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары