Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде белгісіз себеппен мүгедек болған сарбаз Ербаян Мұхтардың денсаулығы туралы адвокат Инга Иманбай әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Адвокаттың айтуынша, Ербаянның жағдайы жақсарып келеді: салмақ қосып, беті толыса бастаған. Бір айдан кейін оңалту кезеңі басталады.
Шүкір, жағдайы бірқалыпты. Соңғы рет оны Ыстамбұлға ұшар алдында көрген едім. Қазір әлдеқайда жақсы: салмақ қосып, беті толысып қалған. Бір айдан кейін емнің екінші кезеңі – реабилитация басталады. Ербаянға да, ата-анасына да сіздердің ыстық ықыластарыңыз бен қолдауларыңызды жеткіздім. Олар барша халыққа алғысын жаудырып жатыр. Біз бірге қолдау көрсетіп, Ербаянның аяғына нық тұруына көмектесеміз! Ал қылмыстық іс бойынша – Ербаянды осы күйге түсіргендер тиісті жазасын алғанша күресті тоқтатпаймыз. Әділеттік үшін біргеміз!, – деп жазды ол.
Фото: instagram/ Инга Иманбай