Malim.kz
Шоу-бизнес

"Асқар тау әкем Раббысына қайтты": Серікзат Дүйсенғазының әкесі өмірден өтті

• Алуа Әшірбекова
Фото ашық дереккөзден алынған

Ақын, айтыскер Серікзат Дүйсенғазының әкесі Мақсұт Дүйсенғазыұлы қайтыс болды. Қаралы хабарды ақын Instagram парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

"Бүгін асқар тау әкем Мақсұт Дүйсенғазыұлы Раббысына қайтты. Жаназасын қосымша хабарлаймыз", – деп жазды ол.

Ақын жаназаның өтетін уақыты мен орны туралы кейінірек хабарлайтынын жеткізген.

Серікзат Дүйсенғазы кім?

Серікзат Мақсұтұлы Дүйсенғазы – айтыскер ақын, жазушы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты. Ол 1974 жылғы 8 желтоқсанда қазіргі Абай облысы Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында дүниеге келген.

1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, 1999 жылы әдебиеттану мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. Еңбек жолында ҚазҰУ-дың Студенттер клубында және Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында басшылық қызметтер атқарған.

2002 жылдан бастап Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп, ұстаздық пен ғылыми жұмысты шығармашылықпен ұштастырған. Университет жанындағы "Топжарған" жас айтыскерлер мектебіне жетекшілік еткен.

Көпшілікке республикалық айтыстардағы өнерімен танылған ақын жыр мүшәйраларында да жүлде алған. Өлеңдері мен публицистикалық мақалалары "Жалын", "Парасат" журналдарында, "Қазақ әдебиеті" және басқа да басылымдарда жарияланған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары