Асқарбек Маратұлы Ертаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
Асқарбек Ертаев 1977 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін және «Нұр» Ақтөбе менеджмент, бизнес және құқық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1997 жылы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің аппаратында маман болып бастаған. Кейін банк секторында еңбек етіп, Ұлттық экономика министрлігінде түрлі қызмет атқарды.
2021-2022 жылдары Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік Кеңесінің Талдау бөлімінде сектор меңгерушісі, 2022–2023 жылдары Премьер-Министр Кеңсесі мен Үкімет Аппаратының экономикалық бөлімінің меңгерушісі болды.
2023-2024 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетін басқарды. Кейін осы ведомствоның вице-министрі, одан соң бірінші вице-министрі қызметін атқарды.
2026 жылғы 27 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келген.