Президентке жауапты мемлекеттік орган басшылары елде жүзеге асырылып жатқан экологиялық және абаттандыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына елорданы абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру және қауіпсіз әрі жайлы қала ортасын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан шаралар жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, биыл қалада 173 қоғамдық кеңістік пен ауланы жаңғырту жоспарланған. Сондай-ақ 1,1 миллион түп жасыл желек – көшеттер, бұталар, гүлдер мен ағаштар отырғызылмақ. Негізгі жобалардың бірі ретінде «Самал» саябағының қайта жаңғыртылуы аталып, ол тұрғындардың демалысына, спортпен айналысуына және мәдени іс-шараларға қолайлы көпфункционалды кеңістік ретінде дамытылуда.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын хабарлады. Осы кезеңде 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық ағаш отырғызылған. Жобаға жыл сайын 6,5 миллионға жуық адам, оның ішінде 780 мың волонтер қатысуда. Министрдің мәліметінше, 2021–2025 жылдар аралығында орман қорын толықтыру мақсатында 1 648,4 миллион көшет 1 миллионнан астам гектар аумаққа отырғызылған.
Сонымен қатар, елді мекендерде соңғы бес жылда 18,4 миллион ағаш егілген. Алдағы уақытта 1 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экологиялық аймақ құру жоспарланып отыр.
Бейнебайланыс форматында өңір әкімдері де атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Түркістан облысынан Ақсу-Жабағылы қорығы аумағындағы жобалар, Батыс Қазақстан облысынан Жайық өзені жағалауын абаттандыру, Шығыс Қазақстан облысынан экологиялық бастамалар, Павлодар облысынан Баянауыл өңіріндегі табиғатты қорғау шаралары таныстырылды.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ел көлемінде экологиялық мәдениетті арттыру, табиғатты қорғау және жасыл аймақтарды кеңейту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.