Астанада 12 қараша күні "Қазіргі онкологиядағы инновациялық технологиялар және цифрлық трансформация" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстандық және шетелдік мамандар қатерлі ісікті ерте анықтау, заманауи емдеу әдістерін енгізу, жасанды интеллекттің мүмкіндіктері және онкологиялық көмектің сапасын арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс-шараны Астана қаласының "Онкологтар мен радиологтар альянсы" қоғамдық бірлестігі мен елорда әкімдігінің "Көпсалалы медицина орталығы" ұйымдастырды.
Конференцияға АҚШ, Франция, Испания, Италия, Германия, Португалия, Польша, Жапония, Қытай, Үндістан, Ресей және басқа да мемлекеттерді қоса алғанда, 18 елден онкология саласының мамандары шақырылды. Жиынға Қазақстанның әр өңірінен онкологтар, радиологтар, онкогинекологтар, патоморфологтар, цитологтар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Халықаралық кездесуде цифрлық патология, телемедицина, молекулалық-генетикалық диагностика, сәулелік терапия және дербестендірілген емдеу мәселелері қарастырылды. Мамандар жасанды интеллектті компьютерлік томография, МРТ және басқа да медициналық зерттеулердің нәтижелерін талдауда қолдану мүмкіндіктеріне назар аударды.
Конференцияның негізгі мақсаты – ғылыми жетістіктерді күнделікті медициналық тәжірибеге енгізу, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіштері жақсарып келеді
Астана қаласы әкімдігінің "Көпсалалы медицина орталығының" директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, денсаулық сақтауды ұйымдастыру бойынша жоғары санатты дәрігер Мұхтар Есенжанұлы Төлеутаев онкологиялық аурулардың көбею себептері мен елдегі диагностика деңгейі туралы айтып берді.
"Онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші бүкіл әлемде, соның ішінде Қазақстанда да өсіп келеді. Алайда бұл үрдіс тек науқастар санының көбеюімен ғана байланысты емес. Бұған ауруды анықтау мүмкіндіктерінің жақсаруы және халықтың өмір сүру ұзақтығының артуы да әсер етеді.
Адамның жасы ұлғайған сайын қатерлі ісікке шалдығу қаупі жоғарылай түседі.
Сонымен қатар зиянды әдеттер, созылмалы аурулар және басқа да қауіп факторлары онкологиялық аурулардың таралуына ықпал етеді", – деді Мұхтар Төлеутаев.
Маманның айтуынша, қатерлі ісік кез келген жаста пайда болуы мүмкін. Дегенмен статистика бойынша онкологиялық аурулар көбіне 49 бен 75 жас аралығындағы адамдарда анықталады.
Ол сүт безі, жатыр мойны және тоқ ішек обырын ерте анықтауға арналған мемлекеттік скринингтік бағдарламалардың маңызын атап өтті. Қазақстанда бұл тексерулер мемлекет есебінен тегін жүргізіледі.
Атап айтқанда, жатыр мойны обырына скрининг 30-74 жас аралығындағы әйелдерге, сүт безі обырына тексеру 40-74 жас аралығындағы әйелдерге, ал колоректалдық обырға скрининг 50-76 жас аралығындағы азаматтарға арналған.
Елордадағы онкологиялық жағдайға тоқталған Мұхтар Төлеутаев аурудың қай сатыда анықталатыны жөніндегі көрсеткіштерді де келтірді.
"Қазір Қазақстанда қатерлі ісікті ерте анықтау көрсеткіштері жақсарып келеді. Мәселен, елордада онкологиялық аурулардың шамамен 36-37 пайызы нөлінші және бірінші сатысында анықталады. Ал бірінші және екінші сатыда анықталған жағдайларды бірге есептесек, бұл көрсеткіш 60 пайыздан асады. Алайда, өкінішке қарай, аурудың 14 пайыздан астамы асқынған сатысында анықталады. Көбіне бұған адамдардың дәрігерге уақытында қаралмауы немесе аурудың алғашқы белгілеріне мән бермеуі себеп болады. Соның салдарынан ем кеш басталады. Мұндай жағдайда емдеу ұзаққа созылып, күрделене түседі әрі көп шығынды қажет етеді", — деді ол.
Мұхтар Төлеутаев халықаралық конференцияның қазақстандық дәрігерлер үшін практикалық маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, мұндай кездесулер шетелде қолданылатын заманауи медициналық тәсілдермен танысуға және оларды отандық денсаулық сақтау жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.
"Конференцияда онкологиялық ауруларды анықтау мен емдеудің жаңа әдістері, дәрілік препараттар және заманауи медициналық тәсілдер таныстырылып жатыр. Жиынға Қазақстанның барлық облысынан онкологтар да қатысуда. Басты мақсат – қазақстандық мамандарды халықаралық деңгейдегі жаңа ғылыми әзірлемелермен таныстырып, оларды кейін еліміздің медициналық тәжірибесіне енгізу. Ал кейбір технологиялар Қазақстанда бұрыннан қолданылып жүрген болса, мұндай тәжірибе алмасу оларды жетілдіруге және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді орталық директоры.
Жатыр мойны обырын анықтауда жаңа тәсілдерді енгізу ұсынылды
Конференция барысында жатыр мойны обырының алдын алу және диагностикалау мәселелері де кеңінен талқыланды.
Мәскеудегі Эпидемиология институтының цитолог дәрігері, Халықаралық цитология академиясының мүшесі Гүлнара Витальевна Лёшкина Қазақстанда өткен ғылыми кездесудің деңгейіне жоғары баға берді.
"Қазақстандық әріптестерімнің шақыруымен бұл жаққа алғаш рет келіп отырған жоқпын. Конференцияның деңгейі жыл сайын жоғарылап келе жатқанын айтқым келеді. Баяндамалардың ғылыми деңгейі өте жоғары. Мұнда заманауи зерттеулердің нәтижелері, халықаралық мәліметтер және Қазақстанға қатысты деректер ұсынылып жатыр. Мұның бәрі, мәселен, жатыр мойны обырының таралуын талдауға және осы ауруға шалдығу көрсеткішін төмендетуге бағытталған алдағы стратегиялық жоспарларды айқындауға көмектеседі", – деді маман.
Цитологтың пікірінше, жатыр мойны обырының алдын алу үшін адам папилломасы вирусын (АПВ) анықтайтын бастапқы тестілеуді енгізу маңызды.
"Атап айтқанда, көптеген баяндамашы ВПЧ-ға алғашқы тестілеуді енгізу қажеттігін көтерді. Мысалы, Ресей Федерациясында 2026 жылдың қаңтарынан бастап барлық өңірде ВПЧ-ға алғашқы тестілеу енгізілді. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2030 жылға қарай жатыр мойны обырын қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жою стратегиясына сай келеді. Қазақстанда әзірге бастапқы тексеру ретінде тек цитологиялық зерттеу қолданылады. Ал оның жатыр мойны обыры мен ісікалды өзгерістерді анықтаудағы мүмкіндігі, сезімталдығы мен ерекшелігі ВПЧ-тестілеумен салыстырғанда едәуір төмен. Сондықтан Қазақстанда ВПЧ-ға алғашқы тестілеуді мүмкіндігінше тезірек енгізу аса маңызды деп есептеймін", – деді Гүлнара Лёшкина.
Ол жаңа диагностикалық әдістерді қолдану кезінде халықаралық медициналық қауымдастық ұсынған, тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген тестілерге басымдық беру қажеттігін айтты.
Сарапшы өзі жұмыс істейтін институтта адам папилломасы вирусын анықтауға арналған "АмплиСенс" тесті әзірленгенін және оның тиімділігіне қатысты ғылыми зерттеулер халықаралық басылымдарда жарияланғанын жеткізді.
Сонымен қатар Лёшкина Алматыдағы Онкология институтымен тығыз ынтымақтастық орнатылғанын атап өтті. Алайда бірлескен жұмыстың нәтижелері ғылыми басылымдарда жарияланғанға дейін оның егжей-тегжейін ашпауға шешім қабылдаған.
Жасанды интеллект дамығанымен, дәрігердің тәжірибесі маңызды болып қала береді
Халықаралық конференцияда жаңа технологиялардың хирургиялық емдеудегі рөлі де сөз болды.
Ресей ғылым академиясының академигі, Томск қаласындағы Онкология институтының директоры Евгений Цыренович Чойнзонов онкология саласындағы цифрлық өзгерістерге қатысты пікір білдірді.
"Қазір жаңа цифрлық технологиялар денсаулық сақтау саласына, соның ішінде онкологияға да белсенді енгізіліп жатыр. Жасанды интеллект пен роботтың көмегімен жасалатын операциялар дамып келеді. Алайда дәрігердің тәжірибесін, кәсіби шеберлігін және хирургиялық операция жасайтын қолының маңызын ешкім жоққа шығарған жоқ. Сонымен қатар біз жаңа технологияларды медициналық тәжірибеге белсенді енгізіп келеміз", – деді академик.
Ғалым конференцияда терінің қатерлі ісіктерін хирургиялық және кешенді емдеу тәсілдеріне арналған баяндама жасады.
Оның айтуынша, асқынған немесе қайта пайда болған ісіктерді емдеу кезінде кейде зақымданған тіндердің едәуір бөлігін алып тастау қажет болады. Мұндай операциялардан кейін ағзаның анатомиялық құрылымы мен қызметін қалпына келтіру үшін реконструктивтік-пластикалық хирургия әдістері пайдаланылады.
Чойнзонов бұл бағытта биоимпланттарды қолдану мүмкіндіктері туралы да айтып берді.
"Бұл технологиялар соңғы 10-15 жылда денсаулық сақтау саласына белсенді енгізіліп келеді. Алайда бүгінде мұндай күрделі операцияларды жасауға барлық клиниканың мүмкіндігі жете бермейді. Өйткені кей жағдайда шеміршек пен сүйек құрылымдарын қалпына келтіру қажет болады. Мұны биоимпланттардың көмегімен жасауға болады. Мұндай биоимпланттарды бізбен бірлесіп жұмыс істейтін ғылыми мекемелердің ғалымдары әзірлейді. Олардың қатарында Материалтану институты, Химиялық биология институты, биоматериалдарды зерттейтін басқа да ғылыми институттар мен университеттер бар. Осы ұйымдармен бірлескен жұмысымыз жаңа технологияларды медициналық тәжірибеге енгізуге мүмкіндік беріп отыр", – деді Евгений Чойнзонов.
Академиктің сөзінше, заманауи хирургиялық технологияларды дамыту үшін медициналық мекемелер мен ғылыми-зерттеу институттарының өзара байланысы маңызды.
Ол Қазақстанда мұндай биоимпланттардың қолданылатыны жөнінде нақты ақпараты жоқ екенін де айтты.
Сонымен қатар ресейлік маман сапар барысында қазақстандық әріптестерімен бірге науқастарға кеңес беріп, күрделі онкологиялық жағдайларда емдеу тәсілдерін таңдауға қатысатынын жеткізді.
Халықаралық тәжірибе Қазақстандағы онкологиялық көмекті дамытуға бағытталған
Конференцияда мамандар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін клиникалық тәжірибеге енгізу жолдарын талқылады.
Негізгі бағыттардың қатарында жасанды интеллект көмегімен медициналық кескіндерді талдау, цифрлық патологияны дамыту, қашықтан дәрігерлік консилиумдар өткізу және молекулалық-генетикалық зерттеулер негізінде жеке емдеу тактикасын таңдау мәселелері болды.
Бұдан бөлек, қатысушылар сәулелік және радионуклидтік терапияның мүмкіндіктерін, интервенциялық онкологияны және қатерлі ісікке шалдыққан пациенттердің репродуктивтік денсаулығын сақтау тәсілдерін қарастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ғылым, клиникалық тәжірибе және цифрлық технологиялар арасындағы ынтымақтастықты күшейту Қазақстанда онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Конференцияның басты мақсаты – қатерлі ісікті уақытылы анықтау, емдеу тиімділігін жақсарту және пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру.