Астанада үш баланың өмірін жалмаған өрт болған «Көркем» тұрғын үй кешенінде тағы бір алаңдатарлық жағдай тіркелді, деп хабарлайды Malim.kz.
18 жастағы жас жігіт көпқабатты үйдің шатырынан секіруге әрекет жасап, тұрғындарды дүр сілкіндірді. Ол оқиға кезінде бұрын үш баланың қазасына себеп болған қайғылы өртпен есте қалған «Көркем-3» кешенінің төбесіне шыққан.
Абырой болғанда, төтенше жағдай қызметкерлері мен мамандар дер кезінде жетіп, жігітпен келіссөз жүргізді. Ұзақ әңгімеден кейін олар оны қауіпті әрекеттен бас тартуға көндіріп, төмен түсірді.
Психологиялық қолдау орталығы өкілінің айтуынша, жас жігіт бастапқыда шатырдан өз еркімен түсуге келіспеген.
Алдын ала деректер бойынша, ол сүйіктісімен болған жанжалдан кейін осындай қадамға барған.
Қазіргі уақытта оның жағдайы бақылауда, мамандар тарапынан психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.