Астанада Creative Aimaq республикалық жобасы аясында "Aqtobe Creative Days" көрме-жәрмеңкесі ашылды. Екі күнге созылатын шарада Ақтөбе облысынан келген 100-ден астам қатысушы 30-ға жуық бағыт бойынша авторлық бұйымдары мен шығармашылық жобаларын таныстырады, деп хабарлайды Malim.kz.
Көрме Креативті индустрияларды дамыту қорының Qazaq Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Оған қолөнершілер, дизайнерлер, суретшілер, мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдары, IT мамандары және Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары қатысуда.
Көрмеге зергерлік әшекейлер, теріден, ағаштан, сүйек пен жүннен жасалған бұйымдар, киіз өнімдері, сырмақтар, басқұрлар, ұлттық аксессуарлар мен кәдесыйлар қойылған. Келушілер шеберлердің жұмыстарын тамашалап қана қоймай, олардың жасалу барысын көріп, шеберлік сабақтарына қатыса алады.
Бағдарламада зергер Болат Атраубаев, киіз басу шебері Рабиға Испулатова, қолөнерші Еркосай Әбілов және суретші Қайрат Ноғаев өткізетін сабақтар қарастырылған. Көрмеде дәстүрлі қолданбалы өнер туындыларымен қатар қазіргі тұрмысқа бейімделген авторлық бұйымдар да ұсынылған.
Сән бөлімінде ақтөбелік жеті дизайнердің коллекциясы таныстырылады. Қатысушылар арасында "SAULEMAI COUTURE", "Trumova Collection", "SYRMAK", "ULPAN SAN UI", "MARKA" сән үйлері және Azamat SAIN бренді бар. Дизайнерлер ұлттық ою-өрнек пен дәстүрлі тігін тәсілдерін заманауи киім үлгілерімен ұштастырған. Ал 2015 жылы құрылған Azamat SAIN бренді балалар киімінің коллекциясын ұсынады.
Көрменің жеке бөлімі Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған. Мұнда әншінің халықаралық сахнадағы жетістіктері, өнер жолы және туған өлкесімен байланысы туралы материалдар жинақталған.
Технология бағытында Талғат Бигелдинов атындағы әскери институт курсанттарының IT жобалары ұсынылған. Бұл бөлім жас мамандардың техникалық ізденістері мен цифрлық шешімдерін таныстыруға арналған.
Әдебиетке қызығатын келушілер үшін Book Market кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Онда Ақтөбе өңірінен шыққан ақын-жазушылардың кітаптары қойылып, кітап оқуды насихаттайтын жаңа кітапханалық жобалар таныстырылады.
Сондай-ақ көрме қонақтары "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жас жазушы Әлихан Жақсылықтың Ақтөбе өңіріне арналған анимациялық фильмін көре алады. Ақтөбе облыстық "Алақай" қуыршақ театры ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған "Жыл мезгілдері" инклюзивті қойылымын ұсынады.
Музыкалық бағдарламаға "SherTer" жобасының өнер көрсетуі, "Жеребе life" шығармашыл жастар жобасының концерті және жас композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші енген.
Ақтөбе облысында мәдениет саласында үш мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. "Aqtobe Creative Days" көрме-жәрмеңкесі өңірдің қолөнерін, сәнін, әдебиетін, театрын, музыкасы мен технологиялық жобаларын елорда жұртшылығына таныстыруға мүмкіндік береді.