Malim.kz
Оқиға

Астанада автобус пен пойыз соқтығысты

Айбын Атабай
Фото: t.me/PR_KTZh

Астанада теміржол өткелінде автобус пойызбен соқтығысып, кейін жеңіл көлікке соғылған. Оқиғадан кейін автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Апат орнынан түсірілген видео Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланған. Жазба авторының айтуынша, жол-көлік оқиғасы Лесозавод ауданында, «Вагонозавод» аялдамасы маңында болған.

Астана қаласының полиция департаменті оқиға 20 маусым күні болғанын хабарлады.

«Ивеко» маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Тайбурыл көшесіндегі теміржол өткелінен өту кезінде келе жатқан пойызға жол бермеген. Соққы салдарынан «Ивеко» автобусы инерция күшімен қозғалып, «Hyundai» жеңіл автокөлігіне барып соғылған”, – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция автобус жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, автобус жүргізушісі медициналық тексеруден кейін амбулаторлық емделуге жіберілген.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары