Malim.kz
Денсаулық

Астанада балалар арасында вирус күшейді

Арман Қайыпхан
Фото: istockphoto.com

Астанадағы №3 көпбейінді балалар ауруханасында вирус жұқтырған балалар көбейді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазір медициналық мекеме төсек-орын санын ұлғайтқан. Бұл туралы аурухана директоры Марат Абдуов мәлімдеді.

Оның айтуынша, инфекциялық стационар 288 төсек-орынға есептелген, алайда кішкентай пациенттердің көбеюіне байланысты төсек-орын 453-ке дейін көбейтілген. Оның 243-і – вирустық инфекциясы бар балаларға арналған.

Қазір стационардың қабылдау бөліміне тәулік сайын 450–500 науқас келеді екен. Бірақ солардың 20–25%-ы ғана ауруханаға жатады. Қалғандары дәрігердің кеңесімен үйде емделуге жіберіледі.

«Біздің инфекциялық стационар төсек-орын санын 550-ге дейін ұлғайтуға дайын, резервтеріміз де бар, дәрі-дәрмек те жеткілікті», – дейді инфекциялық аурухананың басшысы.

Абдуов ата-аналарға қабылдау бөліміне көп жиналмауға кеңес берді, өйткені ол жерде басқа вирустарды жұқтыру қаупі жоғары.

Балада ауру белгілері байқалған жағдайда учаскелік дәрігерге, фильтр-кабинеттерге, емханалардың шұғыл көмек бөлімшелеріне жүгінуге немесе мобильді бригада шақыруға болады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары