Астанада ұзындығы 2,3 шақырым болатын GreenLine желілік саябағын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Ол тұрғын үйлер орналасқан аудандарды жаяу жүргіншілер жолы арқылы байланыстырады, деп хабарлайды Malim.kz.
Саябақты көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұнда ағаштар, бұталар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, бүкіл жол бойында біртұтас жасыл аймақ жасалған.
GreenLine-ның ортасында сатыланып ағатын сарқырама орналасқан. Су жоғарыдан төмен қарай көгалдандырылған сатылар арқылы ағады. Айналасына отырғызылған ағаштар мен бұталар өскен сайын бұл аумақтың көркі арта түседі.
Серуен жолының бойында тоғандар, балалар ойын алаңдары мен демалыс орындары да бар.
Әкімдік мәліметінше, биыл Астанада 170-тен астам аула мен қоғамдық орын абаттандырылған. Олардың қатарында саябақтар, шағын бақтар мен бульварлар бар. Соңғы бірнеше жылда мұндай нысандардың саны 500-ге жуықтаған.