Күйеуінің басқа қаладағы күтім мекемесінде екенін айтып келген әйел оның қайтыс болғанын жасырып, атына түсетін төлемдерді алып отырған. Бұл жағдай әйелдің өзі өмірден өткеннен кейін, туысы үйін жинауға келгенде әшкереленген, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға АҚШ-тың Аляска штатында болған. Полиция 2026 жылғы 2 қазанда тергеу қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, Росс Энтони Паскуанның денесі 19 шілдеде үй ауласындағы қоймада тұрған мұздатқыштан табылған. Ер адам тірі болғанда сол кезде 74 жаста болар еді.
Құлыптаулы мұздатқыштан табылған
Үйді реттеуге келген туысы қоймадан құлыптаулы мұздатқышты байқайды. Кілтін тауып ашқаннан кейін ішінен адам денесіне ұқсайтын, брезентке оралған затты көрген. Ол мұздатқышты қайта жауып, бірден полицияға барған.
Оқиға орнына жеткен қызметкерлер адамның мәйіті бар екенін растаған. Кейін сараптама оның Росс Паскуан екенін анықтаған. Бұған дейін полицияға ер адамның жоғалғаны туралы арыз түспеген.
Жұртқа күйеуінің басқа жақта екенін айтқан
Тергеу барысында Росстың денсаулығында елеулі мәселелер болғаны, оған негізінен әйелі Шерил Энн Макдональд-Паскуан қарағаны белгілі болған. Куәгерлердің айтуынша, әйел күйеуінің көрінбей кетуін оның Джунодан тыс жердегі күтім мекемесіне ауысқанымен түсіндірген.
Шерилдің өзі 2025 жылғы 14 шілдеде қайтыс болған. Күйеуінің денесі содан шамамен бір жыл өткен соң ғана табылған.
Төлемдер тоқтамаған
Полиция куәгерлердің жауабы мен қаржылық құжаттарды тексеріп, әйел күйеуінің өлімін жасырып, оның атына әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін алуды жалғастырған деген қорытындыға келген.
Төлем жүргізетін ұйымдардың біріне ер адамның қайтыс болғаны хабарланбаған. Соның салдарынан оның шотына ай сайынғы зейнетақы төлемдері 2026 жылғы шілдеге дейін түсіп тұрған.
Алайда алынған қаражаттың жалпы сомасы анықталмаған. Жергілікті Alaska Public Media басылымына полиция өкілі ер адамның нақты қашан қайтыс болғаны белгісіз болғандықтан, төлемдердің қанша уақыт негізсіз жүргізілгенін есептеу қиын екенін түсіндірген.
Өлім себебі анықталды
Сот-медициналық сараптама Росстың ауыр жүрек-қан тамыр ауруына байланысты табиғи себеппен қайтыс болғанын анықтаған. Оның өліміне басқа адамның қатысы барын көрсететін дәлел табылмаған.
Денесінің мұздатқышта қанша уақыт жатқаны да нақты белгісіз. Тергеушілер мұздатқыштың 2018 жылы шығарылғанын және әйелдің 2025 жылы қайтыс болғанын негізге алып, мәйіт осы екі мерзімнің арасында орналастырылған болуы мүмкін деп есептейді. Сондықтан "денені жеті жыл сақтаған" деп кесіп айтуға болмайды.
Полиция ер адамның өліміне қатысты тергеуді сараптама қорытындысынан кейін аяқтаған. Ал төлемдерді алу ісі әйелдің қайтыс болуына байланысты жабылған. Өзге біреудің оған көмектескенін растайтын дәлел анықталмаған.