Өткен түнде Астана қаласы Есіл ауданындағы 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. Салдарынан бір әйелді күйік шалған. Сондай-ақ пәтерден үш баланың денесі табылған, деп хабарлайды ТЖМ.
Хабарлама түскеннен кейін ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жедел жеткен. Алғашқы бөлімшелер келген кезде пәтер жана бастаған.
"Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік алған әйел құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Ол №1 Көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды", - делінген хабарламада.
Одан бөлек, өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялады, тағы 40-қа жуық адам ғимараттан өз бетінше шықты. Өрт толық сөндірілді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Сондай-ақ әкімдік мәліметінше, зардап шеккен әйелге және қаза болғандардың отбасына қажетті жан-жақты көмек көрсетіледі. Жағдай бақылауда.