Malim.kz
Оқиға

Астанада нөсер жаңбыр мен бұршақ жауып, бірқатар көшені су басты (ВИДЕО)

Айбын Атабай
Фото: Malim.kz

23 шілде күні Астанада ауа райы күрт бұзылып, нөсер жаңбыр мен бұршақ жауды. Аз уақыттың ішінде елорданың бірнеше ауданында кейбір жолдармен көліктердің жүруі қиындады. Автобустар "белуардан" су кешіп, "жүзіп жүрді". Әсіресе, әдеттегідей, Бауыржан Момышұлы, Қошқарбаев, Тәуелсіздік және тағы да басқа көшелерді су басты, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлеуметтік желілерде тұрғындар қолайсыз ауа райынан түсірілген бейнежазбалармен бөлісіп жатыр. Кадрларда көшелердің суға толғаны, көліктердің терең шалшықтарды кешіп өтіп жатқаны және бұршақтың жауғаны көрінеді. Кейбір тұрғындар жаңбыр суы балкондарға дейін кіргенін жазды.

Желі қолданушыларының бірі аптап ыстықтан кейін ауа райының салқындағанын әзілмен қабылдаса, енді бірі елордадағы нөсер кәрізі жүйесінің жұмысына қатысты мәселені тағы көтерді.

«Балконды су басты», «Зауыт, көпір, жаңа ғимараттар салдық, бірақ жауын суын уақытылы ағызатын жүйе мәселесі әлі өзекті», «Күн салқындағаны жақсы болғанымен, жаңбырдың салдары тұрғындарға қиындық туғызды» деген пікірлер жарияланды.

Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» мамандары 23 шілдеде Астанада найзағай ойнап, жаңбыр жауатынын ескерткен болатын. Синоптиктердің болжамынша, алдағы бірнеше күнде еліміздің ірі қалаларында ауа райы құбылып, кей өңірлерде нөсер жаңбыр, найзағай және температураның төмендеуі күтіледі.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары