Астанада жалдамалы тұрғын үй бағасы бірнеше ай қатарынан өсіп келеді. Қыркүйекте елордадағы пәтерді жалдау құны бір айдың ішінде 5,1 пайызға қымбаттап, Алматыдағы өсімнен екі еседен астам жоғары болды, деп Malim.kz тілшісі Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенген Data Hub сарапшыларының мәліметінше, қыркүйектегі өсім кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің қатарына енген.
Бұған дейін Астанада дәл осы айда жалдау ақысы екі рет қана бұдан жоғары қарқынмен өскен. Атап айтқанда, 2021 жылдың қыркүйегінде баға 7,4 пайызға көтерілсе, 2022 жылы Ресейден қоныс аударушылардың жаппай келуі кезінде бірден 15,7 пайызға қымбаттаған.
Елордада пәтер жалдау үшінші ай қатарынан қымбаттап жатыр
Астанада тұрғын үйді жалдау ақысының өсуі шілде айында басталып, тамыз бен қыркүйекте де жалғасты. Әдетте күзге қарай пәтерге сұраныс артып, бағаның көтерілуі қалыпты құбылыс саналады. Алайда биылғы жағдайдың ерекшелігі – жалдау ақысының өсу қарқыны үш ай бойы үдей түскен.
Сарапшылардың мәліметінше, мұндай үрдіс кемінде 2016 жылдан бері байқалмаған.
Алматыдағы жағдай қандай?
Қыркүйекте Алматыда пәтер жалдау ақысы тамызбен салыстырғанда 2,1 пайызға өскен. Осылайша, Астанадағы бағаның өсу қарқыны Алматыдан шамамен 2,4 есе жоғары болды.
Дегенмен бұл көрсеткіш Астанада пәтер жалдау Алматыға қарағанда қымбатырақ дегенді білдірмейді. Әңгіме жалдау ақысының қаншалықты жылдам өсіп жатқаны туралы болып отыр.
Пәтер сатып алу бағасы қалай өзгерді?
Жалдамалы тұрғын үй нарығындағы қымбаттауға қарамастан, Астанада пәтер сатып алу бағасы айтарлықтай өзгермеген.
Қыркүйекте елордадағы жаңа тұрғын үйлердің бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Бұл – кейінгі 15 айда алғаш рет тіркелген арзандау. Ал қайталама нарықтағы пәтерлер, керісінше, 0,2 пайызға қымбаттады.
Алматыда жаңадан салынған тұрғын үйлердің бағасы бұрынғы деңгейінде қалды. Есесіне қайталама нарықтағы пәтерлердің құны бір айда 0,9 пайызға өсті.