Malim.kz
Оқиға

Астанада полиция қызметкеріне оқ атылды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде Астанада болған қарулы оқиға туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» арнайы бөлімшесінің қызметкері жарақат алған, деп хабарлайды Malim.kz.

Желіде жарияланған мәліметке сәйкес, «Сұңқар» қызметкері автокөлік тізгінінде келе жатқан кезде жолға қарулы ер адам шыққан. Күдікті оқ атып, қызметкерді жауырын және мойын тұсынан жаралаған, кейін қарудың дүмімен соққы жасаған. Қорғану барысында жәбірленуші күдіктіні көлікпен қағып кеткені айтылуда.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қала тұрғыны өтіп бара жатқан автокөліктің жүргізушісіне аңшылық мылтықтан оқ атып, оқиға орнынан бой тасалаған.

«Жәбірленуші болған жағдай туралы “102” арнасына хабарлады. Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері жетіп, жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 21 жастағы күдікті ұсталды», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары жәбірленушінің ішкі істер органдарының қызметкері екенін және оқиға кезінде еңбек демалысында болғанын растады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары