Malim.kz
MALIMet

Астанада тіркеусіз жүрген 42 мың адам жазаланды

Алуа Әшірбекова
Фото: astana_newtimes

Астана қаласында жыл басынан бері тіркеу ережесін бұзған 41 906 адам анықталды, деп Malim.kz тілшісі, newtimes.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қала прокуратурасының мәліметінше, олардың 533-і әкімшілік жаза алғаннан кейін бір жыл ішінде осы құқықбұзушылықты қайта жасаған.

Қадағалау органы тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру әкімшілік құқықбұзушылық болып саналатынын еске салды. Сондай-ақ шетелден Қазақстанға келген азаматтар елге кіргеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 492-бабы талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқықбұзушылықтың мән-жайына және оның қайталануына қарай айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке дейін жетуі мүмкін.

Бұған қоса, биыл Астанада тіркеу тәртібіне қатысты талаптар өзгертілген. 5 қыркүйектен бастап елордада бір пәтерге тіркеуге болатын адамдар санына шектеу енгізілді. Енді бір адамға кемінде 15 шаршы метр пайдалы алаң қарастырылуы тиіс.

Аталған талап меншік иесінің отбасы мүшелері мен жақын туыстарына қолданылмайды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары