Malim.kz
Саясат

Астанада жаңа Конституция жобасы таныстырылып жатыр

Айбын Атабай
ФОТО: ©Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Жаңа Конституцияның жобасын таныстырып жатыр. 

Спикер өткен отырыста Комиссияның бірқатар мүшелері жаңа Конституция жобасын әзірлеу туралы ұсыныс енгізгенін еске салды.

− Осыған орай еліміздің жаңа Ата Заңының алғашқы жобасы жасалды. Оны дайындау кезінде алты ай бойы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар, Комиссия мүшелерінің пікірлері, төртінші отырыста таратылып, таныстырылған жоба бойынша айтылған ескертулер мен ұсынымдар ескерілді. Жаңа Конституцияның жобасын таныстыруға рұқсат етіңіздер. Оның көптеген новеллалары туралы бірнеше күн бойы айтылып келеді. Сіздер басынан қолдау тапқан жаңа институттарды жақсы білесіздер. Мен оларды қайталамай, жетілдірілген ережелерге тоқталамын, −

деді Б. Нұрмұханов Конституциялық комиссияның алтыншы отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясының алғашқы жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.

− Конституцияның Преамбуласы толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапты. Олар жайлы үлкен талқылаулар өтті және көпшілік тарапынан қолдау тапты. Жобада Қазақстан Республикасы қызметінің жаңа негіз құраушы қағидаттары бекітілді. Мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр, −

деді Конституциялық сот судьясы.

Сонымен бірге, «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды.

Оларға сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика, деп тұжырымдалды.

− Сөйтіп бұрын бірқатар ғалым мен мамандардың басқару нысанын нақтылау керектігі туралы ұсынысы жүзеге асты. Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын қатардағы заңмен емес, конституциялық заңмен айқындау ұсынылады. Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық, аумақтық тұтастық, Республиканың басқару нысаны ешқашан өзгермейтін құндылықтар қатарына жатқызылды. Бұл мызғымас талап Конституцияның алғашқы нормаларында бекітілді, −

деді Б. Нұрмұханов.

Кеше Комиссия аясында егемендік халыққа тиесілі екенін конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныс жасалған болатын. Бұл идея Конституция мәтінінде көрініс тапты. 4-бапта «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы», - деп шегеленіп жазылды.

− Конституция мәтіні бойынша республикалық референдум ұғымы жалпыхалықтық референдум деп өзгертілді. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді, деген норма тұжырымдалды, −

деді Конституциялық комиссия мүшесі.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары