Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, 22-24 шілде аралығында Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 265-тен астам спортшы қатысады. Үш күн бойы ерлер мен әйелдер арасында 48 жеке бағдарлама бойынша, сондай-ақ 4×100 және 4×400 метрлік аралас эстафеталарда жүлделер сарапқа салынады.
Жарыс жолына Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшылары шығады. Олардың қатарында Каролин Чепкоеч Кипкируи, Дэйзи Джепкемей, Кристина Овчинникова, Надежда Дубовицкая, Елизавета Матвеева, Анастасия Рыпакова, Мария Ефремова, Аделина Земс, Андрей Соколов, Эльнур Мұхитдинов, Иван Иванов, Иван Товченник, Виктория Ан, Виталий Земс, Вячеслав Земс және басқа да спортшылар бар.
«Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша 2026 жылы Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасының тізімі анықталады», - делінген хабарламада.
Жарыстар Қазақ ұлттық спорт университетінің стадионында, ал лақтыру дисциплиналары бойынша Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінің секторларында өтеді.