8-10 мамыр күндері Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2026 әлемдік рейтингтік турнирі өтеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Елімізде төртінші рет ұйымдастырылғалы отырған жарысқа дзюдо спортының майталмандары қатыспақ. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының татамиіне Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпиондары және әлемдік рейтингтің көшбасшылары шығады.
Олардың қатарында Рафаэла Силва (Бразилия) – Рио Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы, Фабио Базиле (Италия) – Рио Олимпиадасының чемпионы, Барбара Матич (Хорватия) – Париж Олимпиадасының чемпионы, әлемнің екі дүркін чемпионы, Инал Тасоев – үш дүркін әлем чемпионы, Grand Slam турнирлерінің он дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы, Ян Юн-Вэй (Тайбэй) – Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, Уиллян Лима (Бразилия) – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Мириам Буткерейт (Германия) – Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан) – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Адиль Османов (Молдова) – Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Джессика Климкейт (Канада) – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы, Санне ван Дейке (Нидерланд) – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Еуропа чемпионаттарының жүлдегері, Катрин Бошмен-Пинар (Канада) – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Анна Монта Олек (Германия) – әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Болд Ганхайч (Моңғолия) – әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Кристиан Парлати (Италия) – әлем чемпионатының күміс жүлдегері бар.
IJF талаптарына сәйкес, жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік және Олимпиадалық рейтинг ұпайлары үлестіріледі. Атап айтқанда, бірінші орынға – 1000, екінші орынға – 700, үшінші орынға – 500 ұпай беріледі.