Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сыртқы кондиционер блогының құлауы салдарынан қаза тапқан 21 жастағы фельдшер Ұлдананың өліміне қатысты тергеу барысын түсіндірді. Сондай-ақ фельдшерге ескерткіш орнату жоспары барын жеткізді. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, ведомство тергеу жайлы тұрақты ақпарат алып отыр. Алайда түпкілікті қорытынды тергеу толық аяқталған соң жасалады.
“Маған ақпарат тұрақты жеткізіліп отыр. Тергеу жүріп жатыр. Бұл жерде, негізінен, құрылыс нормалары мен ережелеріне қатысты сұрақ көп. Меніңше олар кезінде бұзылған болуы мүмкін", – деді Әлназарова.
Министрдің айтуынша, қайғылы жағдайға кондиционер жабдығын орнату талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін. Қазір тергеушілер нақты лауазымды тұлғалардың және ұйымдардың жауапкершілігін анықтап жатыр.
Сонымен қатар министр Ұлдана Мырзуанның есімін есте қалдыруға бағытталған шаралар әзірленіп жатқанын айтты.
“Жедел жәрдем станциясының басшылығы арқылы ол оқыған медицина колледжінде оның құрметіне арналған аудитория ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл біз үшін ауыр әрі қайғылы жағдай. Ұлдана Мырзуан медицина қызметкерлерін бірлікке шақырды. Оның қабірінің басына ескерткіш орнатқымыз келеді", – деді министр.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.