Malim.kz
Оқиға

Астанадағы өрт: үш бала қаза тапты, күдікті әзірге жоқ

Сабина Асқарқызы
Видеодан скрин

Астана қаласындағы «Көктем-3» тұрғын үй кешенінде болған өртке қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға салдарынан үш кәмелетке толмаған бала қаза тапты, , деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға сәуір айында 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде болған. Өрт кезінде Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері жоғары қабаттардан 20 адамды эвакуациялаған, ал шамамен 40 тұрғын өз еркімен сыртқа шыққан.

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әсіресе әлеуметтік желілерде өрт сөндіру көліктерінің аулаға кіре алмағаны туралы ақпарат кеңінен талқыланды.

Осы іске қатысты Санжар Әділов пікір білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше ведомство бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр.

«Аталған факт бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу бойынша істі Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі қарап жатыр. Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалардың қаза болуына байланысты Қазақстан Ішкі істер министрлігі тарапынан да тергеу басталды. Қазір ТЖМ-мен бірлесіп бірқатар сараптамалар тағайындалды. Нәтижесін күту керек. Кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі міндетті түрде көтеріледі», – деді ол.

Журналистердің балалардың әкесінің оқиғаға қатысы бар ма деген сұрағына жауап берген спикер оның күдіктілер қатарында еместігін нақтылады.

«Бұл істе әзірге ешкім күдікті деп танылған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр», – деді Санжар Әділов.

Қазіргі уақытта сараптамалардың қорытындысы күтілуде. Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның нақты себептері анықталып, кінәлі тұлғалар болса, заң аясында жауапқа тартылатыны айтылды.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары