Қасақана ауыр дене жарақатын салу салдарынан жәбірленушінің қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Полиция қызметкерлері екі күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, түнгі ойын-сауық орындарының бірінің маңында жастар арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан 18 жастағы азамат алған жарақаттарынан көз жұмды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген Астана қаласының полиция департаменті таратқан хабарламада.
Сонымен қатар ведомство азаматтарды ойын-сауық мекемелеріне барған кезде қоғамдық тәртіп талаптарын сақтауға және жанжалдан аулақ болуға шақырды.
– Заңға қайшы кез келген әрекет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген, – деді полиция департаменті.
Бұған дейін Алматының Бостандық ауданындағы ойын-сауық орындарының бірінің маңында бірнеше адамның бір ер азаматты соққыға жыққанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Оралда колледждің екі студенті төбелесіп, ауруханаға түскен еді.