Павлодар облысында Астана–Павлодар автожолында болған ауыр жол-көлік оқиғасы салдарынан 21 жастағы студент екі аяғынан айырылып, қазіргі уақытта ауыр халде ауруханада жатыр, деп хабарлайды Malim.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 мамыр күні түнде 22 жастағы жүргізуші басқарған Hyundai Tucson көлігі жолдағы кедергіге соғылған. Соққының қатты болғаны соншалық, қоршаудың темір бөлігі көліктің алдыңғы жолаушы жағынан салонды тесіп өткен. Оқиға салдарынан үш адам ауруханаға жеткізілді.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, Hyundai Tucson жүргізушісі қисық темір қоршау түріндегі кедергіге соғылған», – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаменті.
Белгілі болғандай, зардап шеккен студент Астанадан Павлодардағы ата-анасына «Яндекс Go» сервисі арқылы такси шақыртып бара жатқан. Оның достарының айтуынша, жол апаты Төртқұдық ауылы маңындағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақта болған.
«Ол жерде жол белгілері орнатылып, біржақты қозғалыс ұйымдастырылған болатын. Бірақ жүргізуші жоғары жылдамдықпен келіп, қоршауға соғылды. Біздің досымыз оқиға орнында оң аяғынан айырылып, көп қан жоғалтты. Жедел жәрдем көлігінде оның жүрегі тоқтап қалғанымен, дәрігерлер қайта тірілтіп алды. Кейін ауруханада екінші аяғына ампутация жасауға тура келді. Қазір ол реанимацияда кома жағдайында жатыр», – деді зардап шегушінің достары.
Қазіргі уақытта көлік арнайы тұраққа қойылып, оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Студенттің туыстары істің әділ әрі жан-жақты тергелуіне үміт артып отыр.