Қазақстанға United World Wrestling (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович пен UWW Asia басшысы Мохаммед әл-Авамле ресми іс-сапармен келді, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан күрес федерациясының президенті Еркін Оқасовтың шақыруымен келген қонақтарға елордада салынып жатқан Қазақстан күрес академиясы таныстырылды. Академияда грек-рим, еркін және әйелдер күресімен қатар жағажай күресі де дамытылып, халықаралық жарыстарға қатысатын спортшыларды дайындау көзделген. Сонымен бірге, академия құрамында медициналық және спорттық-ғылыми зертханалар ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Астанада Қазақстан күрес федерациясының жаңа кеңсесінің ресми ашылу салтанаты өтті. Лента қию рәсіміне Еркін Оқасов пен Ненад Лалович қатысты. Жаңа кеңсе тек әкімшілік орталық емес, ұлттық спорттың рухын дәріптейтін ерекше кеңістік ретінде жасақталған. Оның құрамында Қазақстан күресінің тарихына арналған Даңқ залы ашылып, онда Олимпиада және әлем чемпионаттарында топ жарған балуандардың медальдары, белбеулері, жарыс киімдері мен архивтік материалдары қойылған.
Сапар барысында тараптар Қазақстанда күрес спортын жүйелі дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды. Осы келісімге сәйкес, Қазақстан күрес академиясы United World Wrestling аясында жұмыс істеп, әлемнің үздік балуандары шоғырланатын халықаралық деңгейдегі орталыққа айналмақ.
Бұл бастама елімізде жас балуандарды даярлау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық стандарттарға сай мамандар қалыптастыруға мүмкіндік береді. Академия отандық және шетелдік тәжірибені біріктіретін білім беру және жаттығу орталығына айналады, – деді Еркін Оқасов.
Өз кезегінде Ненад Лалович Қазақстанның күрес спортын дамытудағы қарқынына жоғары баға беріп, алдағы уақытта ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Ал Мохаммед әл-Авамле бұл бастама аймақтық қана емес, әлемдік деңгейдегі маңызды жобаға айналатынын атап өтті.
Іс-сапар барысында шетелдік қонақтарға Астанадағы жекпе-жек нысандары мен «Барыс-Арена», сондай-ақ Алматы қаласындағы спорттық инфрақұрылым таныстырылды.