Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері оңтүстік өңірлерден Астанаға есірткі жеткізумен айналысқан арнаны анықтады. Операция барысында екі күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға биыл қазан айында тіркелген. «Түркістан – Павлодар» бағытындағы жолаушылар пойызының 39 жастағы жолсерігі ұсталды. Оның тұрғылықты жерін тінту кезінде бес келіден астам гашиш табылып, тәркіленді.
Жедел-іздестіру шараларын жалғастырған полицейлер есірткіні тасымалдауға қатысы бар деген күдікпен Жамбыл облысының 33 жастағы тұрғынын да қолға түсірді. Тергеу мәліметінше, ол есірткіні жеткізгені үшін ақшалай сыйақы алған.
Тәркіленген гашиштің қара нарықтағы жалпы құны 18 миллион теңгеден асады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыстық іске қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтап жатыр.