Malim.kz
Құқық

Астаналық құрылыс компаниясы қызметкерлері 7,9 млрд теңге жымқырды деп айыпталды

Айбын Атабай

Қаржылық мониторинг агенттігі Астана қаласы бойынша департаменті «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату деген желеумен ақша жымқырған құрылыс компаниясына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Сату кеңсесінде құрылыс компаниясы атынан сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар екенін «дәлелдейтін» макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген.

Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтық бағадан төмен сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толық заңды екені айтылған.

Алайда сатып алу-сату шарттарын жасау орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді.

— Жәбірленушілер төлемді қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде схеманың қатысушыларының жеке шоттарына аударған. «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген. Нәтижесінде азаматтардың 3,8 млрд теңгеден астам қаражаты жымқырылған, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, күдіктілер құрылыс компаниясының қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.

Құрылыс компанияның атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, объектілерге меншік құқықтарын тіркеген, алайда сатудан түскен қаражат компанияның кассасына түспеген.

— 76 жылжымайтын мүлік объектісінің сатылуынан 4,1 млрд теңге жымқырылған. Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал 7,9 млрд теңге. Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір автокөлікке тыйым салынды, — делінген ҚМА хабарламасында.

Үш күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары