Malim.kz
MALIMet

Ашыған сүтті төгуге асықпаңыз: одан қандай тағамдар жасауға болады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Тоңазытқышта тұрып қалған сүтті бірден төгіп тастауға асығатындар көп. Алайда дұрыс жағдайда ұйытылған қышқыл сүттен түрлі дәмді тағам әзірлеуге болады. Malim.kz тілшісі күнделікті тұрмыста кәдеге жарайтын бірнеше рецепт ұсынады.

Құймақ

Қышқыл сүттен жұмсақ әрі үлпілдек құймақ пісіруге болады. Ол үшін 500 мл қышқыл сүтке екі жұмыртқа, екі ас қасық қант, бір шымшым тұз, жарты шай қасық ас содасы және 200 грамм ұн қосыңыз. Қоспаны жақсылап араластырып, қызған табада екі жағын кезек пісіріңіз.

Бауырсақ

Қышқыл сүт бауырсақ қамырын жұмсақ етеді. 250 мл қышқыл сүтке бір жұмыртқа, бір шай қасық қант, аздап тұз, жарты шай қасық ас содасы және шамамен 400 грамм ұн қосып, қамыр илеңіз. Қамырды біраз тынықтырып, жайып, қалаған пішінде кесіп, майға қуырыңыз.

Үлпілдек оладьи

Бір стақан қышқыл сүтке бір жұмыртқа, екі ас қасық қант, жарты шай қасық ас содасы және 180 грамм ұн қосыңыз. Қою қамырды ас қасықпен қызған табаға құйып, екі жағын қызарғанша пісіріңіз. Дайын тағамды балмен немесе тосаппен ұсынуға болады.

Шелпек

Қышқыл сүтке ұн, тұз және аздап ас содасын қосып, жұмсақ қамыр илеңіз. Оны бірнеше бөлікке бөліп, дөңгелектеп жайыңыз да, қызған майға пісіріңіз.

Тәтті бәліш

250 мл қышқыл сүтке екі жұмыртқа, 150 грамм қант, 80 мл өсімдік майы, 250 грамм ұн және бір шай қасық қопсытқыш қосыңыз. Қалауыңызға қарай алма, мейіз немесе жидек салуға болады. Қамырды қалыпқа құйып, 180 градусқа қыздырылған пеште 35–40 минут пісіріңіз.

Маңызды ескерту: бұл рецепттерге қауіпсіз жағдайда арнайы ұйытылған сүтті, айранды немесе қатықты пайдаланған жөн. Өздігінен бұзылған, жағымсыз иісі шыққан немесе сақтау мерзімі өтіп, ашып кеткен сүтті тағамға қоспаңыз. Оны пісіру де қауіпсіздігіне кепілдік бермейді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары