Malim.kz
Шоу-бизнес

Асылхан Төлепов неге жарты жыл бойы такси мен мейрамханаға ақша төлемеген?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

"Жаужүрек мың бала" фильміндегі Сартай рөлінен кейін Асылхан Төлеповтің өмірі күрт өзгерген. Көшеде таныған жүргізушілер оны тегін тасып, мейрамханаларда да актерден ақы алмаған. Өнер иесі "Интеллигентно қу" жобасында көпшіліктің ықыласына бөленген кезеңін еске алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Актердің айтуынша, фильм көрерменге жол тартқаннан кейін-ақ әлеуметтік желідегі парақшасына қызығушылық күрт артқан. Ол сол кездегі танымал "Мой Мир" желісіндегі көрсеткіштің бір күнде 435 мың адамға жеткенін айтады.

"Жаужүрек мың бала" 3 мамырда жарыққа шықты. 4 мамырда менің “Мой Мирімде" 435 мың адам болып кетті", – деді Асылхан Төлепов.

Экрандағы Сартайды көшеде де бірден тани бастаған. Әсіресе, такси тоқтатқан сәттер актердің есінде ерекше қалыпты. Кейбір жүргізушілер оның жанынан өтіп кетсе де, таныған соң көлігін кері бұрып келетін болған.

"Такси ұстаймын ғой. Өтіп кетеді де, артқа жүріп: "Ей, отыр, бауырым, отыр", – деп салып алады. Сосын артқа қарап: "Жақсы түскенсің", – дейді. Мен алты-жеті ай таксиге мүлде ақша төлеген жоқпын. Мүлде алмайтын менен", – деп еске алды актер.

Оның сөзінше, мұндай құрмет жол үстіндегі кездесулермен шектелмеген. Шамамен жарты жыл бойы мейрамханаларда да одан ақша алмаған.

Алайда уақыт өте келе жағдай өзгере бастаған. Актер мұны сұхбатта әзілмен жеткізді: желтоқсан айында таксиге отырып, жолақысын ұсынғанда жүргізуші ақшасын алған. Сол сәтте ол алғашқы танымалдықтың ерекше ықыласы да мәңгі жалғаса бермейтінін түсінгенін айтып күлді.

Сартай рөлімен танылған актер

Асылхан Төлеповке кең танымалдық әкелген "Жаужүрек мың бала" фильмі Қазақстан кинотеатрларында 2012 жылғы 3 мамырдан бастап көрсетілді. Режиссері – Ақан Сатаев. "Қазақфильм" киностудиясы түсірген тарихи туындыда басты кейіпкер Сартайдың бейнесін сол кезде жиырма жасқа толмаған Асылхан сомдады.

Картина XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы тұсында елін қорғауға аттанған жастардың тағдырын баяндайды. Оқиға желісінде Сартай мен оның серіктерінің ерлігі, достығы, махаббаты және туған жер алдындағы жауапкершілігі қатар өріледі. Бұл – тарихи кезеңді көркем оқиға арқылы жеткізетін фильм.

Туындыға Аян Өтепберген, Құралай Анарбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов, Нұрлан Әлімжан секілді актерлер де түскен. Режиссердің сол кездегі мәліметінше, актерлер түсірілімге дайындық кезінде екі ай бойы атпен шабуды, садақ тартуды үйреніп, шеберлігін шыңдаған.

Алпысқа жуық баланың тұсауын кескен

Сұхбатта Асылхан Төлепов фильмнен кейінгі көрермен ықыласының тағы бір көрінісін айтты. Оның сөзінше, ата-аналар ұлдарына Сартай есімін жиі қоя бастаған.

Актер мұны өзімен кездескен отбасылардың әңгімелерінен байқағанын жеткізді. Экрандағы кейіпкерді ұнатқан көрермендердің ықыласы осылайша балалардың есімінен де көрініс тапқан.

Өнер иесінің айтуынша, өзі алпысқа жуық баланың тұсауын кескен. Бұл деректерді ол сұхбаттағы жеке естелігі ретінде бөлісті.

Бір рөл актерге көшедегі танымалдық қана әкелмей, көптеген отбасының қуанышына ортақтасуға да себеп болған. Сартай бейнесі арқылы таныған жұрт оны баласының алғашқы қадамына ақ жол тілейтін азамат ретінде шақырған.

Асылхан Төлепов кім?

Асылхан Сайлауұлы Төлепов – қазақстандық театр және кино актері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ол 1992 жылғы 21 мамырда дүниеге келген. 2011 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер колледжін "Музыкалық театр артисі", 2015 жылы Қазақ ұлттық өнер академиясын "Музыкалық драма артисі" мамандығы бойынша бітірген.

Көрерменге "Жаужүрек мың бала" фильміндегі Сартай рөлі арқылы кеңінен танылды. Бұған дейін "Балалық шағымның аспаны" картинасында Ғали бейнесін сомдаған. Сондай-ақ "Бауыржан Момышұлы", "Шыңырау", "Қаржыгер. Кету ойыны" және басқа да кинотуындыларға түскен.

Актер 2013 жылы Сартай рөлі үшін Қазақстан Жастар одағының "Серпер" сыйлығына ие болды. 2016 жылы "Театр және кино" аталымы бойынша "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алды. Театр сахнасында "Абай – Тоғжан", "Ұлдар", "Өлі жандар" қойылымдарында да өнер көрсеткен.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары