Malim.kz
Спорт

ATP Challenger: Теннистен Шымкент турнирінің жеңімпазы белгілі болды

Сабина Асқарқызы
ҚТФ

Шымкентте ATP Challenger 50 сериясымен өткен екінші турнирдің жекелей сыны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Malim.kz.

Белгілі турнирде 25 жастағы бельгиялық Бувайсар Гадамаури (№357 ATP) топ жарды. Үндістан өкілі Манас Манодж Дхамнеге (№444 ATP) қарсы өткен финалдық кездесу 1 сағат 52 минутқа созылды.

Тартысты өткен бірінші сетте Гадамаури тай-брейкте басым түссе, екінші партияда да сол қарқынын жоғалтпай, ойынды 7:6 (8:6), 6:4 есебімен аяқтады. Бұл бельгиялық теннисшінің кәсіби мансабындағы алғашқы ATP Challenger титулы болып отыр. 

Бұған дейін жұптық сынның да үздіктері белгілі болған еді. Хорватиялық Адмир Календер мен Мили Поличак дуэті 1 сағат 37 минутқа созылған финалда Виктор Дурасович (Норвегия) пен Кай Венельт (Германия) тандемін 6:2, 6:7, 10:5 есебімен ұтқанеді. 

3 мамырдағы финалдық ойындармен Шымкентте 19 сәуірден басталған кәсіби турнирлер топтамасы толық аяқталды. Екі аптаға созылған ауқымды додаға әлемнің 25-тен астам елінен келген спортшылар қатысқан еді. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары