12 наурыз күні Атырау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде мерзімді әскери қызметші оқ жарақатын алып, көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға қаруды пайдалану кезінде жіберілген абайсыздық салдарынан болған.
Жарақат алған әскери қызметші дереу медициналық мекемеге жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, марқұмның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Аталған дерек бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрінің тапсырмасымен оқиғаның барлық жағдайын жан-жақты әрі объективті тексеру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары басқаратын арнайы комиссия жіберілді. Тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауына алынған, - деп хабарлады Атырау гарнизонының баспасөз қызметі.
Еске салайық, 5 наурызда Абай облысында әскери қызметші қаза тапқан еді.