ҚР Ішкі істер министрлігі жүргізіп жатқан жоспарлы қызметтік тексеру барысында Атырау қаласы Полиция басқармасының бұрынғы бастығы тарапынан құқыққа қайшы әрекеттердің жасалғаны анықталды, деп хабарлайды Malim.kz.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Ведомство мәліметінше, күдікті ішкі істер органдарынан теріс негіздер бойынша қызметінен босатылып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Бұл шешімдер Ішкі істер министрі жүргізіп отырған заңдылықты қамтамасыз ету және қызметтік тәртіп пен заң талаптарын бұзғаны үшін, лауазымына қарамастан, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған қағидатты саясат аясында қабылданды», — деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Бақтыбек Исаев Атырау қалалық Полиция басқармасының бастығы қызметіне 2024 жылғы 27 мамырда тағайындалған. Ол құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2003 жылы бастаған. Бұған дейін Маңғыстау облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін қоса алғанда, бірқатар басшылық лауазымдарды атқарған.
Еске салайық, бұған дейін ІІМ тексерісінен кейін Атырау облыстық полиция құрылымында бірнеше басшының қызметінен кеткені хабарланған болатын.